Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш ететін нышандар. Бұл рәміздер біздің мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі. Мемлекеттік рәміздер ретінде ту мен елтаңба - егемендік және тәуелсіздік идеяларының нақты заттық белгілері. Әнұран - осы ізгі ұғымдардың бірден-бір рухани жаршысы. Төл нышандар тек көркем образ ғана емес, тәуелсіз мемлекет құру идеясының жаршысы.
Бүгін оқу орнымыздың ұйымдастыруымен қала орталығындағы «Aray Citу Mall» сауда ойын – сауық орталығында 4 маусым - ҚР Рәміздер күніне арналған «РӘМІЗДЕР –ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰМАРЫ» атты мерекелік концерт өтті.
Төл нышандарымыздың 30 жылдық мерейтойына арналған шарада мемлекеттік нышандардың тарихы, авторлары мен рәміздердің ерекше сипаты және маңыздылығы айтылды. Концерттік бағдарламаны оқу орнының бірқатар өнерпаз жастары әнмен әрлеп, бимен көмкеріп, жиылған жұртқа мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Тәуелсіз ел тарихындағы төл нышандарымыздың тұғыры биік, ғұмыры мәңгі болғай!