ҚҰРМЕТТІ СҰЛТАНӘЛІ БАЗАРБАЙҰЛЫ

ҚҰРМЕТТІ СҰЛТАНӘЛІ БАЗАРБАЙҰЛЫ

2024-05-23

ҚҰРМЕТТІ СҰЛТАНӘЛІ БАЗАРБАЙҰЛЫ

Сізді көпшілік белгілі жазушы-драматург және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында жұмыс атқарған қоғам қайраткері ретінде таниды. Сонымен қоса Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессоры, ұлағатты ұстаз ретінде де жұртшылыққа таныссыз. Әдебиет әлемінде әрлі әңгімелер жазып, мәдениетіміз үшін мәнді дүниелер ұсынудасыз. Сіздің қаламыңыздан туындаған әрбір туынды ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосуда.

Ғасырға жуық тарихы бар оқу орнымыз үшін де алар орныңыз ерекше. Тарихымызға бойлап, білім ұясының өткенін еске салатын «Педучилищенің қызы» әңгімеңіздің оқу орнымыз, әрбір білім алушымыз үшін орны бөлек десем артық айтқаным болмас. Себебі білім ұясының болмысын танытып, беделін айқындайтын, адам ғұмырының тәтті де мәнді кезеңі жастық шағына шолу жасайтын, ең құнды сезім - махаббатты баяндайтын шығарма атауының өзі еріксіз елең еткізеді. Биыл Сыр бойылық қаламгер ағамыз ғана емес, автор ретіндегі ақ батаңызды ала отырып, колледж жанынан құрылған «АССОРТИ» студенттер театры прозаңызды драматургия жанрына көлемдеп, көрерменмен қауыштырды. Бұл жас театр үшін үлкен тәжірибе, кәсіби шыңдалу ғана емес, зор мәртебе деп айтсам артық емес. Басқа шығармалардың орны бөлек, ал «Педучилищенің қызын» сомдау бөлек сезім сыйлағанын жас өнерпаздар жарыса айтып жүр. Театр сахнасының шымылдығы түрілген сәттен көпшілік тынып тыңдап, кейде еріксіз күлсе, баянсыз махаббаттың көрінісі әсерінен көмейге тас тығылғандай тұншығып қалған сәттердің болғанын да жасырмады. Десе де өнерпазға қолдау, өнерге құрмет көрсетіп келген зал толы көрермен соңғы сахна сәтінен бастап бірнеше минуттар бойы тапжылмай, шапалақ соғумен болды. Бұл ең алдымен Сіздің қаламыңыздан туған туындының құдыреті десек, екінші жас өнерпаздардың өнерге деген шынайы махаббатты көрсете алуы деп топшыладық.

Адам баласы үшін жаратқанның әр күні қымбат, себебі, әр мезеттің өзінің жан қуантар шуағы бар. Сондай шуақты сәттің бірі – адамның белгілі бір мерейлі жасқа толып, айналасындағылардың қошеметіне кенелуі. Сіз де бүгін даналық кезеңіңіздің келесі бір сатысына өтіп, қазақия жұртының құрметіне бөленудесіз. Қазақтың қарымды қаламгері, оқырманға ой салар жазушы, шәкірттер үшін болмысы биік ұстаз қалпыңыздан таймаңыз.

Осынау айтулы күні Сізге қос ғұмырлық бақыт пен береке, ғибратты ғұмырыңыздың сарқылмас абыройын, шабыт пен шығармашылық табыс тілеймін! Жазарыңыз таусылмай, қаламыңыз, қуатты, сөзіңіз өтімді және еңбегіңіз жемісті болсын!

Құрметпен, Ж.Қ.Тоғанова

М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледж директоры