«КРЕАТИВТІ КІТАПХАНАШЫ» Өзін-өзі басқару күні

«КРЕАТИВТІ КІТАПХАНАШЫ» Өзін-өзі басқару күні

2024-10-24

Халқымыздың рухани құндылықтары мен мәдени байлығын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші кітапхана болса, сол байлықты өз оқырманына таныстырып, табыстырушы өзіндік тұлға, ол – кітапханашы. ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 18 қазан №833 қаулысымен «24 қазан - КІТАПХАНАШЫЛАР күні» болып бекітілді. Кітапханашылар күні – білім мен мәдениеттің алтын арқауы болып табылатын кітапханашылар еңбегіне құрмет көрсету күні. Жыл сайын 24 қазанда атап өтілетін бұл мереке кітапхана ісінің маңыздылығын, кітапханашылардың ақпараттық және білім беру үдерісіндегі рөлін дәріптейді.
М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің кітапханасында кітапханашылар күніне орай, кітапханашы мамандығын дәріптеу мақсатында 23 қазан күні «Креативті кітапханашы» өзін-өзі басқару күні өткізілді. Іс - шараның мақсаты: кітапханашы кәсібін, оқырмандарға қызмет көрсету, кітапханашы мамандығының маңыздылығын түсіндіру.
Кітапхана мен оқырман арасын қосатын алтын көпір – кітапханашылар. Олар оқырмандарды қажетті ақпаратпен қамтамасыз етіп, мәдени шаралар ұйымдастырып, қоғамның рухани өсуіне үлкен үлес қосуда. Өзін-өзі басқару күні студенттер кітапхана қызметкерлерінің міндетін бір күн уақытша атқарып, ішкі жұмысын көруге және басқару үдерісіне қатысуға мүмкіндік алды. Мұндай тәжірибе жастардың көшбасшылық қасиеттерін дамытуға, жауапкершілікті сезінуге және кітапхананың жұмысын, негізгі қызметін тереңірек түсінуге септігін тигізді.