Бүгін оқу орнымызда қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновті еске алуға арналған «АҢЫЗ АДАМ» атты рухани – танымдық шара өтті. Қоғам және мемлекет қайраткері, публицист, журналист, саналы ғұмырын туған халқының тағдырына арнаған арда перзентті еске алу мақсатында ұйымдастырылған шараға Еңбек ардагері, Қармақшы ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, «Темірбек Қараұлы Жүргенов» қоғамдық қорының төрағасы Сәпен Аңсатов, Т.Жүргенов атындағы қордың мүшесі, баба ұрпағы Әмит Жұмағұлов, ҚР Ішкі істер органдарының құрметті қызметкері, полиция полковнигі, Жалағаш ауданының құрметті азаматы, баба ұрпағы Әмір Шаймағамбетов, ұстаз, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің директоры Жақсыгүл Тоғанова және колледж оқытушылары мен студенттері қатысты. Танымдық жиында Темірбек Қараұлының мемлекет қайраткері ғана емес, ойы ұшқыр, қаламы қарымды публицистикалық қыры және қоғамдық-әлеуметтік қызметі, ағартушылық қызметі кеңірек талқыланды. Еліміздегі білім, ғылым, мәдениет саласының дамуына зор үлес қосқан тұлғаның қазіргі белгілі оқу орындар мен театрлардың іргетасын қалауына ұйытқы болуы, ұлттық интеллигенцияның кеңірек қалыптасуына сеп болғаны жайында сөз қозғалды. Сонымен бірге қайраткерлік, ғалымдық қиын да, қызықты жолы мен педагогикалық ұстанымдары, жеке өмірі, отбасы жөнінде тың мәліметтер ортаға шықты. 2023 жыл Алаштың асыл азаматының туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылып жатқан шаралар, жаңа бастамалар және қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан жұмыстар да көпшілік назарына ұсынылды. Қазіргі уақытта аңызға айналған тұлғаның мерейтойы республика көлемінде тойланып, тұлғалық болмысының ашылуына, қабілеттері мен ағартушылық қызметі кеңірек насихатталуына нақты жоспарлар дайындалуда. Аталған шарада «Жас толқын» жас ақындар үйірмесінің бірқатар ақындары ұлттың жарқын болашағы жолында өлшеусіз еңбек сіңірген қайраткер рухына арнап арнау оқып, өнерпаз жастар ән шашуын тарту етті.