Колледж ұстаздары мен қызметкерлері бүлдіршіндеріне арналған
«Ең ғажайып Жаңа жыл!» жаңа жылдық шырша өтті.
Мерекелік шараға 100-ге жуық балғындар қатысты. Балалардың қуанышымен колледж директоры Жақсыгүл Қоханқызы бөлісіп, бүлдіршіндерді мерейлі мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебізін жеткізді.
«Бүгінгі Жаңа жылдық шырша жанында Сіздермен қауышқаныма шексіз қуаныштымын! Өтіп бара жатқан жылда барлығыңыз тағылымға толы білім алып, түрлі жарыстарда үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, жеңімпаз атандыңыздар. Сіздердің әрбіріңіздің бұдан да биік шыңдарға құлаш сермеп, биік белестерді бағындыратындарыңызға бек сенемін. Қымбатты балақайлар! Жаңа жылда да барлық ниет-тілектеріңіз бен арман-мақсаттарыңыз орындалсын. Сіздерге алаңсыз бақытты балалық шақ сыйлау үшін біз аянбаймыз!»- деді оқу орнының басшысы өз сөзінде.
Салтанатты шарада Аяз ата мен Ақшақарды көтеріңкі көңіл күймен қарсы алған бүлдіршіндер ән-жырдан шашу шашып, би билеп, өнерлерін ортаға салды.
Түлкі, қасқыр, ұлу, жылан, эльф, хакердің қатысуымен болған қойылымға бүлдіршіндер белсенді қатысып, жүздері бал-бұл жайнап, өмірлеріндегі шаттық шақты бірге қарсы алып тұрғандарына мерейлері тасып, ұмытылмас әсерге бөленді.
Шаттыққа толы шарада колледж әкімшілігі мен кәсіподақ атынан балаларға мерекелік сыйлықтар тарту етілсе, жасыл шырша жанына жиналған ертегі кейіпкерлері ғажайыпқа толы қойылымдар көрсетіп, балауса балғындарды тамаша мерекелік күйге бөледі.