
М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледж кітапхана қызметкерлері мен Әбділдә Тәжібаева атындағы облыстық әмбебап кітапханасымен бірлесе ұйымдастырылған аса көрнекті жазушы, драматург, ақын, қоғам қайраткері, академик Сәбит Мұқановтың "Дара жазушы" тақырыбында "Филология" бөлімінің ҚТ-Ж-24 оқу тобының студенттерімен кітапхана сағаты болып өтті. Мақсаты: Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, оқуға құштарлығын арттыру, көркем әдебиет оқуды әдетке айналдырған студенттерді анықтап олардың әрі қарай да көркем шығарма оқуына қолдау жасау болатын. Шара Сәбит Мұқановтың “Мөлдір махаббат” романын талдауға арналған. Топ студенттері қазақ халқының асыл мұрасы – күй өнерін насихаттап, “Балбырауын” күйін әсерлі түрде орындады. Күй күмбірі зал ішін тербетіп, көрермендерді терең ой мен нәзік сезім әлеміне жетеледі.
Әдеби кеш барысында роман мазмұнына терең талдау жасалып, автордың махаббат, шынайылық, ар-намыс сынды биік ұғымдарды қалай жеткізгені жайлы мазмұнды пікірлер айтылды. Шығарманың басты кейіпкерлерінің тағдырына шолу жасалып, бүгінгі жастармен байланысы сөз болды. Әсіресе, “Мөлдір махаббаттың” көркемдік ерекшелігі мен жазушы шеберлігіне ерекше назар аударылды. Ақтай Изанелья студенттердің сұрақтарына жауап беріп, Кітапханашы Бармақова Гүлнұр "С.Мұқанов - сөз және қалам шебері" тақырыбында кітап көрмесімен таныстырды.
Шарада танымдық ойындар ойнатылып, бірнеше сұрақтар қойылды. Бұл кештің әсерін одан сайын күшейтіп, студенттердің әдебиетке деген қызығушылығын арттыра түсті, кеш соңында топ жетекшісі Ахунов Бақытжан қорытындылап, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Мұндай мазмұнды және тағылымды кездесулер – біліммен ғана емес, рухани да байып, өмірге деген көзқарасты кеңейте түсетін ерекше сәттер. Әдебиет – жанның шуағы, жүректің тілі. Әдеби-танымдық кеш осы сөздің нақты дәлелі болды.