
Ұлы Жеңіске 80 жыл – Мәңгілік даңқ!
Бүгін – ұрпақ жадында мәңгі сақталатын, қасиетті де қастерлі күн. Осыдан 80 жыл бұрын біздің ата-бабаларымыз Отан үшін, болашақ үшін, бейбіт өмір үшін күресті. Олардың жанқияр ерлігі мен қайсар рухының арқасында біз бүгін көк аспанымызды еркін сүйсіне тамашалап, бейбіт өмір сүріп отырмыз.
Бұл жеңіс – майдан даласында ерлік көрсеткен сарбаздардың ғана емес, тылда тер төккен аналарымыз бен балғын балаларымыздың да жеңісі. Бірі мылтық асынып, жауға қарсы тұрса, енді бірі еңбек етіп, елдің еңсесін көтерді. Халық бірлігі мен табандылығы жеңісті жақындата түсті.
Біз – сол қаһарман ұрпақтың жалғасымыз. Олардың ерлігін еске алу – біздің парызымыз. Олардың батылдығы – біздің мақтанышымыз. Осы Жеңіс күні қарсаңында әрбір жан баласын осы бейбіт күн үшін шексіз алғыс айтуға шақырамыз.
Бүгін Тағзым алаңында болған салтанатты шарада Мәншүк маршына қатысушы колледжіміздің жас сарбаздары да майдангерлерге тағзым жасап, гүл шоқтарын қойып, бізге бейбіт өмір мен ашық аспан сыйлаған ардагерлерге құрмет көрсетті. Батырларымыздың есімі ешқашан ұмытылмайды, олардың ерлігі ұрпақтан-ұрпаққа жетеді!