Бүгін Облыстық білім басқармасы және М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің ұйымдастыруымен Сыр елі білім саласының өркендеуіне елеулі үлес қосқан ұлағатты ұстаз, көрнекті ғалым, білікті басшы, қоғамшыл тұлға Сайлыбаев Бахытжан Әбдіқалықұлын еске алуға арналған кешенді шара болып өтті. Мәні мен мазмұны ерекше шараға Бахытжан Әбдіхалықұлының өмірдегі, ғылымдағы, қызметтегі әріптестері, замандастары, шәкірттері, қаламыздағы жоғары және техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары басшылары, ұстаздар қатысты. Қатысушылар алдымен тақырыптық көрме және «Білім нұры» галереясындағы тұлғаға арналған стендпен танысты. Мұнан соң колледждегі білім алушыларға тұлғаның педагогикалық тағылымын насихаттау мақсатында арнайы жабдықталған дәрісхананың ашылу салтанаты болып өтті. Колледждің мәжіліс залында өткен «Ұстаз. Ғалым. Тұлға» атты рухани танымдық кеште Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ. Құдайбергенұлы, Сыр шайыры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Н.Алматов, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Ә.Б.Хожбанов, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары А.Б.Қасымова, И.Әбдікәрімов атындағы аграрлық техникалық жоғары колледжі директоры Б.Ж.Абдикаримов сөйлеп, Бақытжан Әбдіқалықұлы жайлы естеліктермен бөлісті. Колледждің «Жас толқын» клубы мүшелері аяулы ұстазға жүрекжарды туындыларын, өнерпаз ұстаздар мен шәкірттер әсем әндерін арнады. Кезінде Бахытжан Әбдіқалықұлының жанға жағымды қоңыр дауысымен шырқайтын «Қараторғай», «Тербеледі тың дала» әндерін тыңдаған қауым ерекше тебіреніс пен толқыныста болды. Аталған шара соңында ұлағатты ұстаздың ұлы Әділ Бақытжанұлы әкесі жайлы айтылған еске алу пікір, лебіздеріне ризашылығын білдірді. Колледж директоры Ж.Қ.Тоғанова кешті қорытындылап, оқытушы Ф.Қожахметованың қылқаламынан туындаған, әлі сиясы кеппеген тұлғаның портретін отбасына сыйға тартты. Кеш «Жақсы адамдарым» әнімен аяқталды. Құрметтейтін замандастары, қадірлейтін ұжымы, қастерлейтін ағайындары, сан мыңдаған шәкірттері барда, аяулы ұстаз есімі мәңгі жасайды.