М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі оқу-әдістемелік бөлімінің ұйымдастыруымен колледж студенттері арасында «Үздік ғылыми жоба - 2025» байқауы өткізілді.
Байқаудың мақсаты: Студенттерге патриоттық тәрбие беру, елжандылыққа, отасүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында колледждің ҰОС жылдарындағы тарихы, сол кезеңдерде жұмыс жасаған ұстаздар, сол жылдары білім алған студенттер жайлы деректер қорын толықтыру. Студенттердің ғылыми-зерттеу әлеуетін қалыптастыра отырып, беймәлім құпияны ашуға, бірегей идеяларды ұсынуға, зерттейтін мәселелерді жаңадан қайта зерделеуге бейімдеп, шығармашылық және танымдық қасиеттерін үздіксіз дамыту.
Конкурстың міндеті - зерттеу жұмыстарына белсене қатысқан білім алушыларды анықтау, оларға қолдау көрсету, оқушылардың үздік жобаларын жинаққа енгізу, қоғамдық -интеллектуалдық әлеуетін дамыту проблемасына көпшіліктің назарын аудару.
«Үздік ғылыми жоба-2025» байқауының бағыттары:
1. «Ұрпаққа ұран- ұлы есім» - Кеңес Одағының Батыры М.Мәметова жайлы;
2. «Рухы асқақтар аласармайды»- ҰОС қатысқан училище түлектері жайлы;
3. «Нұргүлдің нұрлы кездері» - «Нұргүл» халық ән-би ансамблі жайлы;
4. «Қорғасын жауған жылдары. 1941-1945жж». Колледждің ҰОС жылдарындағы тарихы.
А) 1941-1945 жылдары еңбек еткен ұстаздар.
Б) 1941-1945 жылдары білім алған оқушылар.
5. «Ұстаздар ұстаханасынан түлеп ұшқан талантты/жұлдызды түлектер». Колледж мақтанышына айналған түлектер (1932 жылдан бастап)
6. «Ұстазым – ұлағатым, үлгі-өнегем»- колледждің ардагер ұстаздары жайлы зерттеу жұмыстары (1932 жылдан бастап)
7. Ұстаздар ұстаханасының басшылары. (Әр жылдары колледжді басқарған басшылар жайлы).(1932 жылдан бастап)
Байқау алдымен әр бөлімде бөлек ұйымдастырылып, озық шыққан 3 студент қана колледжішілік ғылыми жоба байқауына жіберілді. Бөлімаралық сайыста үздік шыққан 26 студент колледжішілік «Үздік ғылыми жоба-2025» байқауына қатысты. Олар берілген бағыттар бойынша өз жұмыстарын презентация арқылы қорғады. Байқауда студенттер өздерінің зерттеген тақырыптарын толықтай ашуға тырысқан, арнайы сұхбат жүргізген, газетке мақала жариялаған, архив материалдарымен жұмыс жасап, жауапкершілікпен өте жоғары деңгейде дайындалған. Нәтижесінде колледж оқытушыларынан құралған қазылар алқасы байқауға қатысушылардың жұмысына оң бағасын берді. «Үздік ғылыми жоба-2025» байқауына қатысқан білім алушылар І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен, «Жас ғалым», «Ізденімпаз студент» номинацияларымен және алғыс хаттармен марапатталды. «Үздік ғылыми жоба-2025» байқауының ІІ кезеңі ақпан айының соңында ұйымдастырылатыны да студенттерге ескертілді.